8 (702) 0000-667
Call-орталығы

Институт туралы

«Қазақстан метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 1 қарашадағы № 1342 қаулысымен «Қазақстан метрология институты» РМК құрылды.

Ұлттық институтты құру бір күндік жұмыстың нәтижесі емес. Өз істерін жанынан артық жақсы көріп, стандарттау және метрология ісіне өз өмірлерін арнаған - Мемстандарт төрағасының орынбасары Маралбек Өмірзақұлы Басаров, Мемстандарттың төрағасы Марат Әбдісалыұлы Рысбеков және «ҚазМетрИн» РМК бірінші директоры Затбек Балғабекұлы Әбдірасылов сияқты тұлғалар Институт құру идеясын бірталай уақыт бойы ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салып жүрген еді, олар институт құрылғаннан бастап басы қасында болып, оның қызметін ұйымдастыру мен құру жөнінде жұмыстарды басқарған болатын.

Оның негізгі мақсаттары: Қазақстанда шығарылатын өлшемдердің дәлдігі мен анықтығына халықаралық сенімге ие болу, халықаралық талаптармен үйлестірілген берік нормативтік база құру, экономика саласы үшін дәлдігі жоғары өлшемдерді орындау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, кәсіпорындарға метрологиялық қызмет көрсету үшін өңірлік орталықтар құру болды. Күн сайын межеленген міндеттерді іске асырып, алға қойылған мақсатқа жету үшін тер төгіп, қыруар еңбек ету қажет болды, яғни түсінбеушіліктерден, бюрократиялық кедергілерден өту, атқарылатын жұмыстардың қажеттілігі мен мақсаттылығын дәлелдеу, өз ұстанымына темірдей берік болу қажет еді. Біз мақтанышпен қазақстандық эталондық база құрылды деп айта аламыз, ол 101 эталон бірлігі мен эталондық жабдықты қамтиды, оның ішінде: 52 бірлік – мемлекеттік эталон және 49 бірлік – мемлекеттік жұмыс эталоны. Қазақстан метрология институты өлшем нәтижелерінің тұтынушылары болып табылатын кәсіпорындарды, ұйымдарды, жеке секторды, өлшеу аспаптарын өндірушілер мен пайдаланушылар арасындағы звеноны байланыстыратын отандық метрологияны дамыту орталығы болып табылды.

2016 жылғы 1 қарашада Қазақстанның мемлекеттік метрологиялық қызметінің құрамында мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталықтың функцияларын жүзеге асыратын «Қазақстан метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құрылғанына 20 жыл болды.

Бүгінгі күні «ҚазМетрИн» РМК 20-жыл жұмыс істеген уақытында 202 адамды қамтитын кәсіби ұжым бар, оның ішінде 6 ғылым кандидаты, 31 сақтаушы-ғалым, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы 5 техникалық сарапшы, 81 өлшем құралдарын салыстырып тексеруші бар. Метрология институты республиканың метрологиялық инфрақұрылымын дамыту үшін көптеген жұмыс атқарды және одан да ауқымды істер күтіп тұр.

«ҚазМетрИн» РМК қызметінің мәні мен мақсаты:
  1. Қазақстанда дайындалатын және импортталатын өлшем құралдарының белгіленген талаптарға сәйкестігіне сынақтар өткізу;
  2. техникалық (эталондық) базаны жетілдіру;
  3. өлшем бірлігін қамтамасыз ету үшін метрология бойынша нормативтік құжаттарды халықаралық талаптармен үйлестіру;
  4. метрология саласында кадрларды даярлау және біліктілік арттыру;
  5. өлшем бірлігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде жеке және заңды тұлғаларды ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады.